Осы айтулы күн қарсаңында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Шараға Екібастұз ГРЭС-2 станциясы кәсіподақ комитетінің төрайымы Сәуле Галеева да қатысты.
– Сіздердің еңбектеріңіз бен өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз қоғам үшін маңызы зор. Кәсіподақтар әрдайым әділдік пен әлеуметтік қорғаудың тірегі болды және бүгінде олардың рөлі одан сайын артып отыр. Биыл біз Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық мерейтойын және кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығын атап өтудеміз. Сіздер өндірістегі лайықты еңбек жағдайлары мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап әлеуметтік кепілдіктер мен қызметкерлердің мүдделерін қорғауға дейінгі ең өзекті бағыттарда жұмыс жүргізіп келесіздер, – деп атап өтті өңір басшысы.
Павлодар облысы еліміздегі кәсіподақ қозғалысының орталықтарының бірі болып саналады. Мұнда 136 мыңнан астам тұрғынды біріктіретін 15 салалық ұйым және 1250-ден астам бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді.
Кәсіби мереке құрметіне орай Асайын Байханов көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі және белсенді өмірлік ұстанымы үшін кәсіподақ қозғалысының үздік өкілдеріне құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев