Көктемнің мың құбылған ауа райы, міне, 22 наурызда шайдай ашылып, Екібастұздықтарды шаттыққа бөледі.

Биыл Екібастұзда әз Наурыз өзіндік тың ерекшеліктерімен дараланды. Қаланың орталық алаңы – Мәшһүр Жүсіп көшесі бойында 20-дан аса ақшаңқан киіз үй тігілді. Алаңда қол ұстасқан жастар да, немересін жетектеген қарттар да тігілген киіз үйлерді және мерекелік концертті тамашалап, ерекше көңіл-күйге бөленді.

Екібастұз ГРЭС-2 станциясының ақ шатыры тігіліп, қазақтың ұлы ағартушысы, жас ұрпақтың сүйікті жазушыларының бірі Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдық мерейтойына арналған көрме ұйымдастырылды.

Биылғы Наурыз мерекесі заманауи серпін алып, жасанды интеллект жылы аясында ерекше мазмұнмен толықты. ГРЭС-2 станциясының киіз үйінде қонақтарды «Наурызбек» атты робот қарсы алып, дәстүр мен технологияның үйлесімін айшықтай түсті. Бұл тың бастама мерекеге келген жұртшылықтың қызығушылығын оятып, Наурыз тойына өзгеше реңк сыйлады.

Сонымен қатар, алуан түсті ұлттық киімдерін жарасымды киген станция қызметкерлері ГРЭС-2 этноауылында әсем әндерін әуелетіп, мың бұрала билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ел өнерпаздардың өнеріне тәнті болып, ерекше әсер алды.

Балаларға арналған қызықты викториналар ұйымдастырылып, белсенді қатысқан бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар табысталды. Ал қонақтарға ыстық бауырсақ пен тәтті наурыз көже ұсынылып, мерекенің берекесі мен жылуы әр жүрекке жетті.

ГРЭС-2 станциясы «Наурыз мейрамы – 2025» байқауына белсене қатысып, халқымыздың баға жетпес қазынасы – киіз үйді үздік безендіргені үшін жүлделі 3 орынға ие болды!

Күн мен түн теңеліп, тіршілік жаңаша сипат алатын көктем мерекесін Екібастұздықтар жоғары дәрежеде атап өтті.


Кері байланыс Қауырт желі ? Сұрақ қою