ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев “Екібастұз ГРЭС-2 станциясы” АҚ-дағы №3 энергоблогының құрылысы бойынша жұмыс барысымен танысты. Бұл жобаны қайта бастау туралы шешім 2020 жылы қабылданды. Жаңа энергоблоктың жоспарланған қуаты 636 МВт құрайды. Құрылыс алаңына 11 мың тоннадан астам жабдық жеткізілді, қазіргі уақытта ЖСҚ-ға түзету жүргізілуде.
Осы ауқымды жобаны іске асыру және кәсіпорын жұмысы туралы министрді “Екібастұз ГРЭС-2 станциясы” АҚ Басқарма Төрағасы Дәурен Сағидолла өз баяндамасында таныстырды. Бүгінгі таңда кәсіпорында жұмыс істеп тұрған екі энергоблоктың біреуінде жоспарлы жөндеу аяқталуда, оны іске қосқаннан кейін елдің энергия жүйесі 500 МВт қосымша қуат алады.
ҚР Энергетика министрі Екібастұз ГРЭС-2 станциясына 2021 жылғы 11 қарашада Павлодар облысына жұмыс сапары барысында келді. Еліміздің электр энергетикасы саласының өзекті мәселелері министрлік, жергілікті атқарушы органдар мен энергетиктер өкілдерінің қатысуымен өткен арнайы кеңесте қаралды. Атап айтқанда, генерациялайтын жабдықты жоспардан тыс ажырату тәуекелдері және электр станцияларының жөндеу кампанияларын сапалы орындау, Батыс Қазақстанның қалалары мен аудандарының елдің бірыңғай энергия жүйесіне қосылуы бойынша 2035 жылға дейінгі ҚР энергетикалық теңгерімін әзірлеу сияқты тақырыптар талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша министр Мағзұм Мырзағалеиев Екібастұз ГРЭС-1, Екібастұз ГРЭС-2 және Ақсу ГРЭС басшылығына жабдықтарды жөндеу жұмыстарын 10 күн ішінде аяқтап, энергия блоктарын іске қосуды тапсырды. Осылайша, елдің энергия жүйесі тағы да 1150 МВт электр энергиясына ұлғаяды.
Айта кетейік, Павлодар облысында Қазақстандағы электр энергиясының 40% – дан астамы өндіріледі.