2022 ЖЫЛ – ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ ЖЫЛЫ

“Самұрық-Қазына” Қорында еңбекті қорғау, қоршаған орта және қауіпсіздік техникасы мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес өтті. Алғаш рет Қор құрылымында Басқарма төрағасының бастамасымен HSE (health, safety environment) арнайы бөлім құрылды.

Қауіпсіздік мәдениеті “Самұрық-Қазына” компаниялар тобының әрбір қызметкері үшін күнделікті міндет болуы тиіс екенін Алмасадам Сәтқалиев атап өтті. HSE мәселелерінің стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, 2022 жыл “Самұрық-Қазына” Қорына кіретін компанияларда және Қордың өзінде “Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы”деп жарияланды.

Кеңейтілген кеңесте еңбекті қорғау, қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша ағымдағы жағдай, сондай-ақ ағымдағы жылдың 11 айындағы жарақаттануды төмендету бойынша жұмыс нәтижелері қаралды.

Қордың бірқатар портфельдік компанияларының басшылары өндірістегі қауіпсіздік мәдениетін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы, сондай-ақ еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасының озық тәжірибелерін енгізу туралы айтып берді.

Қор басшысы ауыр жазатайым оқиғалар портфельдік компаниялар басшыларының әлсіз жұмысын көрсетіп отырғанын және нөлдік жарақаттануға қол жеткізу мақсатында бизнес жүргізу моделін қайта қарауды талап ететінін атап өтті.

“Көп жағдайда қарапайым жұмысшылар біздің “нөлдік жарақат” мақсатына қол жетуімізге сенбейді. Алайда, халықаралық компаниялардың тәжірибесі бұл қол жеткізуге болатын мақсат екенін көрсетіп отыр. Компания басшылары HSE тиісті деңгейін қолдау, қызметкерлермен өзара іс-қимыл жасау және әрбір қызметкердің денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін қамқорлық пен алаңдаушылық білдіру үшін қауіпсіздік мәселелеріне адалдықпен қатысуды көрсете отырып, әрбір қызметкер үшін басты моделі болуға тиіс”, – деді Алмасадам Сәтқалиев.

“Самұрық-Қазына” компаниялар тобында кешенді аудит жүргізу және HSE бойынша жүйелі ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ Қор мен барлық портфельдік компаниялар үшін HSE бойынша бірыңғай стандарт әзірлеу, үздік әлемдік практикалар бойынша мәселені пысықтау ұсынылады. Аудит нәтижелері тәуекелдер мен белгіленген кедергілерді кешенді бағалауды, құзырет пен технологиялық қауіпсіздік аудитін, сондай-ақ мердігерлер қызметінің қауіпсіздігін қамтуға тиіс.


Кері байланыс Ыстық желі ? Сұрақ қою