Екібастұз қаласындағы қыстың қақаған аязында орын алған төтенше жағдайды жою барысындағы жанқиярлық жұмысы үшін ҚР Президентінің ордендерімен және алғыс хаттарымен «Самұрық-Энерго» АҚ Екібастұз энергокешенінің өкілдері: «Богатырь Көмір» ЖШС, «Б. Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ атап өтілді.
ҚР Президентінің алғыс хаттарын: «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ Басқарма төрағасы Жандос Медеуов және станцияның гидротехникалық құрылыстар және жерасты коммуникациялары цехының бастығы Мұрат Садықов; Екібастұз ГРЭС-1-нің жалпы мәселелер жөніндегі Басқарушы директоры Талғат Испулов және жөндеу басқармасының бастығы Ардақ Қайырбаев; «Богатырь Көмір» ЖШС энергиямен жабдықтау дирекциясының инженерлік желілерге қызмет көрсету учаскесінің бастығы Анатолий Остромецкий алды. ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен ЕГРЭС-1 бас директоры, Павлодар облысы мәслихатының депутаты Ержан Ертаев марапатталды.
Бұған дейін наурыз айында Екібастұз қаласында ТЖ жоюға қатысқаны үшін Екібастұз ГРЭС-2 қызметкерлері «Ерен еңбегі үшін» медалімен: Ластовский Петр – орталықтандырылған жөндеу цехының электр газбен дәнекерлеушісі; Медибаев Аслан – орталықтандырылған жөндеу цехының электр газбен дәнекерлеушісі; Мусапиров Сағадат – электр цехының электр слесарі; ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Құрмет грамотасымен: Қалиев Мейрам – орталықтандырылған жөндеу цехының шебері; Балтенов Жасқайрат – гидротехникалық құрылыстар және жерасты коммуникациялары цехының газ кескіші марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, «Самұрық-Энерго» АҚ және оның Екібастұз энергокешеніндегі компанияларының энергетиктері барлық қазақстандықтармен бірге Екібастұз қаласының тұрғындарына көмек көрсетті. Ұйымдастырылған жұмыс екі бағытта жүргізілді – тікелей жылу құбырлары қатып қалған тұрғындарға көмек көрсету, сондай-ақ энергетика мамандарының қалалық ЖЭО-дағы апатты жоюға белсенді жәрдемдесу.