Екібастұзда Болат Жәмішевтің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Қоғамдық кеңес мүшелері Екібастұз ГРЭС-2 станциясында болып, инвестициялық жобаларды іске асырудың ағымдағы жай-күйімен және алдағы жылыту маусымына дайындық барысымен танысты.

Қоғамдық кеңестің отырысында «Самұрық-Энерго» АҚ-ның 2023 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша есептері және 2024 жылға арналған жоспарлары тыңдалды.

«Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов энергетика саласы жобаларының Қор портфеліндегі айтарлықтай үлесін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан 16 ГВт қуатты иеленіп отыр. Болашақта іске асырылып жатқан жобалар есебінен «Самұрық-Қазына» АҚ тағы 12 ГВт қуат енгізуді жоспарлап отыр. Осылайша, генерация екі есеге ұлғаяды, бұл ең жоғары тұтыну кезеңдерінде энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Қазір Қазақстанның электр энергетикасы «қайта өрлеу» кезеңін бастан кешуде», – деді Ернат Бердіғұлов.

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов компанияның негізгі өндірістік көрсеткіштері туралы баяндады. Еншілес ұйымдардың электр энергиясын жиынтық өндіруі 2023 жылы 35,3 млрд кВт сағ немесе Қазақстан бойынша жалпы электр энергиясын өндірудің шамамен 31%-ын құрады. 2024 жылы электр энергиясын өндіру көлемін 39,2 млрд кВтсағ дейін ұлғайту жоспарлануда.

Егер 2023 жылы 83 негізгі жабдыққа жөндеу жүргізілсе, 2024 жылы жабдықтардың 116 бірлігіне жөндеу жүргізілетін болады.

«Біздің жұмыс нысандарында күзгі-қысқы кезеңге дайындық кестеге сәйкес қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда жоспарланған жөндеу жұмыстарының шамамен 50%-ы орындалды. Тұрғындарды тұрақты энергиямен және жылумен қамтамасыз ету үшін қажеттінің бәрі жасалуда. Жөндеу науқаны белгіленген мерзімде толық көлемде аяқталады. Жөндеу жұмыстарын белсенді түрде жүргізудің арқасында біз электр станцияларының тозу дәрежесін жылдан жылға төмендетіп келеміз», – деді Қайрат Мақсұтов.


Кері байланыс Ыстық желі ? Сұрақ қою