Екібастұздықтар Наурыз мейрамын тойлауда

Көктемнің мың құбылған ауа райы, міне, 22 наурызда шайдай ашылып, Екібастұздықтарды шаттыққа бөледі.

Биыл Екібастұзда әз Наурыз өзіндік тың ерекшеліктерімен даралануда. Қаланың орталық алаңы – Мәшһүр Жүсіп көшесі бойында 20-дан аса ақшаңқан киіз үй тігілді. Алаңда қол ұстасқан жастар да, немересін жетектеген қарттар да тігілген киіз үйлерді тамашалап, наурыз көже мен бауырсақтан дәм татып жатты. Мерекелік концерттер қаладағы саябақтар мен мәдениет үйлерінің алаңдарын ән мен күйге бөледі.

Екібастұз ГРЭС-2 станциясының ақ шатыры тігіліп, дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар алуан түсті ұлттық киімдерін малынта киген өнер адамдары әсем әндерін әуелетіп, мың бұрала билеп бергенде ел шын қуанып, өнерпаздар өнеріне тәнті болды.

Күн мен түн теңеліп, тіршілік жаңаша сипат алатын көктем мерекесін Екібастұздықтар жоғарғы дәрежеде атап өтті.


Кері байланыс Ыстық желі ? Сұрақ қою