Туған елге саяхат» балалар пойызы

Екібастұз ГРЭС-2 станциясы қызметкерлерінің балалары «Туған елге саяхат» балалар пойызымен еліміздің көрікті жерлерін аралап, ұмытылмас демалыс өткізді.
«Туған елге саяхат» жобасы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылық қолдауымен және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, «Әлеуметтік жобалар қорымен» ынтымақтастықта іске асырылуда. Биылғы темір жол бойындағы балалар керуені “Самұрық-Қазына” АҚ-ның 15 жылдығына орайластырылған.
Жас жолаушылар арасында Екібастұз ГРЭС-2 станциясынан – бірінші кезең: Астана Нұрлы жол – Байқоңыр – Түркістан – Алматы – Бурабай – Астана Нұрлы жол бағдарымен көпбалалы отбасылар арасында өткізілген байқау жеңімпаздары Мухамеджанова Айлина және Даут Айымгүл; екінші кезең: Астана – Байқоңыр – Түркістан – Алматы – Алакөл – Астана бағытымен «Өз өңірімді өркендеткім келеді» республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздары Серік Нұрали, Козодоенко Кирилл, Могильная Александра, Нефедкина Ангелина, Могильная Дарья қатысты.
Жоба жүзеге асып келе жатқан жылдары мыңдаған бала туристік пойызда жазғы демалысын әсерлі әрі пайдалы өткізді. Биыл да оқушылар байқауға қатысып, еліміздің ең әдемі жерлеріне тегін сапар шегу мүмкіндігін иеленді.
Жобаның басты мақсаты – балаларды жан-жақты дамыту, болашақ мамандықты таңдауға бағдарлау, өз халқының мәдениетіне қанықтыру және де оны қазіргі өмірдің алуан қырына бойлату. Саяхат кезінде балалар табиғатта көп уақыт өткізіп, соның арқасында қоршаған ортаға қамқорлық пен табиғатқа жауапкершілікпен қарауға үйренді.
Балалар ұмытылмас сезімдер мен шексіз әсерлерге ие болды.


Кері байланыс Ыстық желі ? Сұрақ қою