2024 жылдың 23 сәуірі күні алғаш рет қалалық жастар орталығының ұйымдастыруымен Екібастұз қалалық жастар мәслихаты депутаттығына сайлау өтті.
Сайлау қорытындысы бойынша, өңірлік белсенді жастар бағытының депутаты болып «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ инженер-технологі, белсенді жастар активінің кураторы Мухамеджанова Самал сайланды.
Самал сұхбатында бізге өмірі жайлы айтып берді:
«Мен, Мухамеджанова Самал Ермуханқызы, 1992 жылдың 8 наурызында қасиетті Баянауыл ауданы Жұмат Шанин ауылында дүниеге келдім. «Тастың тілін түсінген қазақ» деген атқа ие болған Екібастұз өңіріндегі алғаш кен орындарын ашушы Қосым Пішенбаевтың ұрпағымыз. Жеті атам Ыбырай қажы ұрпақтары. Нағашы жұртым шығармашылыққа бейім, талантты адамдар. Кезінде отбасылық ансамбль құрып, өңіріміздің беткеұстар өнерпаздарының қатарынан табылған. Бұл үрдіс әлі де жалғасын тауып келеді. Нағашы әжем Садықова Клара Қабиқызы Солнечный кентінде қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. «Ақниет» әжелер тобының жетекшісі, ән айтады, салт-дәстүрді жастарға насихаттайды, кітапханада оқуларға қатысып, «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі. Нағашы атам Әнуарбек Садықұлы домбыраның құлағында ойнайды, шахмат ойындарының бірнеше дүркін жеңімпазы, қалалық «Ардагерлер кеңесінің» белсенді мүшесі. Нағашы жұртым — өнерлі, өз жұртым — тату және туысшыл, қайын жұртым білімге құмар адамдар.
“Мен Екібастұз ГРЭС-2 станциясында инженер, жолдасым Мухамеджанов Адылжан Даулетович осы кәсіпорында электромонтер болып жұмыс істейміз. Солнечный кентінде тұрамыз. Биыл отбасын құрғанымызға 13 жыл толып отыр. Екеуміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Жолдасым екеуіміз бала тәрбиесіне көп көңіл бөлеміз. Отбасы құңдылығы, шежіре, еліміздің тарихы, Отанды сүю, табиғатты қорғау, экология, үлкенге ізет, адам құқығы, қиын жағдайда ашық айту сияқты тақырыптарды талқыға саламыз. Кешкілік асты міндетті түрде отбасымызбен жиналып өткізуді дәстүрге айналдырдық. Дастарқан басында ғибратты сөз айтып, балаларға тәлім-тәрбие беруге тырысамыз.
Қазіргі таңда жолдасым екеуіміз еліміздің энергетика саласының дамуына бір адамдай үлес қосып келеміз. «AMANAT» партиясының мүшесіміз. Белсенді жастар қозғалысының кураторы ретінде станция мен Солнечный кентінің қоғамдық жұмыстарына қатысып, қайырымдылық концерттер мен өзге де жиындар өткіземін. Партияның бюро мүшесімін, кәсіподақ жұмысының белсендісімін. Көптеген Алғыс хаттар мен дипломдар иесімін. Менің басты қағидам — жеті атаны ұмытпау және отбасылық шежіреміз туралы кітап шығаруды армандаймын. Ұлттық киімді, дәстүрді насихаттауды міндетім деп санаймын. Мемлекеттік тілдің дамуына барынша үлес қосамын»