Екібастұз ГРЭС-2 станциясында «Birgemiz Expedition» жобасы аясында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының жас мамандарына арналған танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында қатысушылар станцияның өндірістік қызметімен танысып, жұмыс үдерісін өз көздерімен көрді. Сондай-ақ қонақтарға Екібастұз ГРЭС-2-нің әлеуметтік инфрақұрылымы таныстырылып, қызметкерлерге арналған емдеу-профилактикалық қызметтің жұмысы көрсетілді.
Экскурсияның ерекше бөлігінің бірі – «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен жаңартылған бассейн кешенін аралау болды. Қатысушылар кешеннің заманауи мүмкіндіктерімен танысып, қызметкерлердің денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарға жоғары баға берді.
Сонымен қатар, экскурсия соңында барлық қатысушыларға Екібастұз ГРЭС-2 станциясы атынан естелік сыйлықтар табысталды. Бұл шағын тарту жас мамандар үшін кездесудің жарқын естелігіне айналып, іс-шараның жылы әрі достық атмосферасын толықтыра түсті.
Жоба қатысушыларға өндіріс саласының ерекшеліктерімен танысып қана қоймай, әріптестік байланыстар орнатуға, тәжірибе алмасуға және жаңа әсерлер алуға мүмкіндік берді. Барлық қатысушылар экскурсияның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, ризашылықтарын білдірді.