Көктем мерекесін Екібастұздықтар жоғарғы дәрежеде атап өтті

Көктемнің мың құбылған ауа райы, міне, 22 наурызда шайдай ашылып, Екібастұздықтарды шаттыққа бөледі.

Биыл Екібастұзда әз Наурыз өзіндік тың ерекшеліктерімен даралануда. Қаланың орталық алаңы – Мәшһүр Жүсіп көшесі бойында 20-дан аса ақшаңқан киіз үй тігілді. Алаңда қол ұстасқан жастар да, немересін жетектеген қарттар да тігілген киіз үйлерді және мерекелік концертті тамашалап жатты.

Екібастұз ГРЭС-2 станциясының ақ шатыры тігіліп, қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытұлының 135 жылдық мерейтойына арналған көрме ұйымдастырылды.

Сонымен қатар алуан түсті ұлттық киімдерін малынта киген өнер адамдары әсем әндерін әуелетіп, мың бұрала билеп бергенде ел шын қуанып, өнерпаздар өнеріне тәнті болды.

ГРЭС-2 станциясы «Наурыз мейрамы – 2024» байқауына белсене қатысып, халқымыздың баға жетпес қазынасы – киіз үйді үздік безендіріп, тақырыптық көрмені мазмұнды әрі мағыналы жеткізгені үшін жүлделі 3 орынға ие болды!

Күн мен түн теңеліп, тіршілік жаңаша сипат алатын көктем мерекесін Екібастұздықтар жоғарғы дәрежеде атап өтті.


Кері байланыс Ыстық желі ? Сұрақ қою